"AMANAT” партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің мүшелері Түпқараған ауданына арнайы барып, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, әлеуметтік мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдап, кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес төрағасы Раушан Аймурзаева халықтың әлеуметтік жағдайы түзелмей, әлеуеті жақсармайтынын айтып, кеңестің отырыстарын көшпелі өткізуді жоспарлаған еді. Сол бастама аясында "AMANAT” партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесі Түпқарағанға барды.
Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев 2022-2023 жылдары жасалған жұмыстары мен партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандар туралы баяндады.
Ауданда «Дипломмен –ауылға!» жобасы шеңберінде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 200 жас маманға бюджеттік кредиттер беру жоспарланған, 2023 жылға республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алу үшін 7 маманға 36,2 млн теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Кеңес мүшелері өз сұрақтарын жолдап, жауап алды. Кеңес төрағасы Раушан Аймурзаева Отбасы институтын дамыту үшін қандай жұмыстар жүріп жатқанын сұрады.
- Қазір қоғамда жастар арасында ажырасу көбейіп, өңір статистикасы түсуде. Гендерлік саясаттың қисынды да, қисынсыз да жақтары бар. Мәселе қайдан туындап жатыр соны анықтап , тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Отбасы құндылығын арттыру мақсатында жоба бастап жатырмыз. Өйткені ата-ана бала тәрбиесіне жауапты. Алайда күнделікті нәпақа табудың тіршілігімен жүріп, бала тәрбиесіне қолы жетпей жатқаны да жасырын емес,-деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев.
Кеңес мүшелері аудан әкімдігі мүшелеріне ардагерлермен кездесу және қабылдау кезінде келіп түскен сауалдар бойынша сұрақтарын жолдады. Оның ішінде Таушық-Форт-Шевченко арасындағы жолдың құрылысы созылып, қаржысы бөлінсе де әлі күнге дейін аяқталмағаны айтылды. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, тас жол қараша айының соңына дейін аяқталады.